• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Шілде, 2015

Елорда тойы –  елдің тойы

1628 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы «Ғашықтар» сая­бағында салмағы 736,5 ки­ло тартатын ас, яғни ұлттық таға­мымыз дайындалып, халыққа ұсынылды. Бұл ерекше ша­раны ұйымдастырушылар сол сәтте Гин­нестің рекордтар кітабының сертификатын иеленді. Тарата айтар болсақ, «Тай­қазан» деп айдар тағылған бұл акцияны Қазақ­стан халқы Ас­сам­блеясы, Қазақ геогра­фиялық қауымдастығы мен Астана қа­ласы әкімдігі ұйымдастырды. Акция Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына және Астана күніне тарту ре­тінде қолға алынды. Акцияға Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы Төрағасының орынбаса­ры – Хат­шылық меңгерушісі Ера­лы Тоғ­жа­нов, Мәжіліс депутаттары, қо­ғам қайраткерлері, ҚХА-ның, Қа­зақ географиялық қоғамы қауым­дас­ты­­­ғы­ның, еліміздің Бас аспаздар қау­ым­­дастығы мен этномәдени бірлес­тіктердің мү­ше­лері, Гиннестің рекордтар кіта­бының қызметкерлері, жас­тар ұйымдарының жетекшілері, БАҚ, зиялы қауым өкілдері, қала тұр­ғындары қатысты. Осынау ерекше шараны ұйым­­дас­тырушылардың сөзіне қара­ғанда, қазақтың өзі «ет» деп атайтын ұлттық тағамымызды 40 аспаз таңғы сағат 4.00-ден бастап далада, қазақ халқының ет асудағы дәстүрлі рецептімен дайын­дады. АСТАНА Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Оны әзірлеуге шамамен 700 килодан астам жылқы еті, 300 килоға жуық жұмыртқа мен пияз, 300 килодай ұн пайдаланылған. Дәстүр бойын­ша еттің қамыры қолмен жайылды. Нәти­жесінде 736,5 кило тамақ әзірленіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ұсы­ныл­ды. Оны дайындауға қатысқандар құрамында қаладағы ірі мейрамханаларда аспаздық қызмет көрсететін білікті мамандар болды. Сондай-ақ, шара кезінде 20-дан астам даяшы жұрт­шылыққа ілтипат көрсете қызмет етті. Акция барысында осынша мол әзірленген асты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу рәсімі салтанатты жағдайда өтті. Қазақтың белгілі азаматы Мырзатай Жолдасбеков елге бата берсе, айтулы ақын Несіпбек Айтұлы көңіл тербетер өлең оқыды. Ал өз кезегінде Ералы Тоғжанов жұртшылықты Ас­тана күнімен құттықтай отырып, ұлтымыздың қонақжайлылығы, қа­сиетті Тайқазанның қадірі, оның өмі­ріміздегі орны, аласапыран замандарда елімізге келген өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы жөнінде әңгімелеп берді. Бұдан кейін Гиннестің рекордтар кітабы штаб-пәтерінің супервайзері, яғни Лондоннан келген өкіл Шейда Шубаси Гемиджи сөз алды. Ол: «Мен Астанаға арнайы келіп, қазақтың ұлттық тағамын көріп, оның ең үлкен көлемде дайындалғанына куә болдым. Бүгінгі шара барысында ас әзірлеудің барлық талаптары орындалды. Сондықтан мен қазақстандықтарды осы жеңіспен құттықтаймын, – деді. Осылайша, «Елдің басты ұлттық та­ғамын әзірлеу» деген айдармен атал­ған рекорд ресми түрде тіркеуге алынды. Шараны ұйымдастырушылардың бірі, Қазақ географиялық қоғамы төрал­қасының мүшесі Төлеген Тастанбеков қуанышты сәтте: «Толқып тұрмын. Ұлттық тағамымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді. 736,5 кило ас дайын­дап, бүгін оны халыққа ұсынып отыр­мыз. Ең бастысы – акцияны ел-жұртымыз жылы қабылдады», – деп ағынан жарылды. Жалпы, әлем бойынша ең көп мөлшер­дегі ұлттық тағамды әзірлеуге арналған «Тайқазан» акциясы «ҚХА – 20 игі іс» эстафетасының жалғасы болып табылады. Жиынға қатысу­шылар тарапынан Тайқазан жөнінде жылы лебіздер айтылды. Көпшілік Тайқазанды халқымыздың бірлесуі мен қонақжайлылығының символы деп есептейтіндерін жеткізумен бол­ды. Акция қазақстандықтардың өзара татулықта, баршылық пен тоқ­шы­лық­та мамыражай тірлік етіп жат­қанын сипат­таған ерекше шара ретінде жұртшы­лық­­тың есінде сақталып қала­ты­нына сенеміз. Тағы бір айта кетер жайт, акция аясында шығармашылық ұжымдар мен қазақ әндерін орындаушыларының қаты­суы­мен мерекелік концерт, ұлттық тағамды да­йындау бойынша шеберлік сабақ­тар және Қазақ географиялық қоға­мы­ның мү­­шелерімен кездесу ұйым­дастырылды.   АҚТАУ Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысында Астана күні мерекесі кең көлемде тойлануда. Облыстың барлық аудан-қалаларында спорттық және мәдени шаралар өткізіліп, жастар арасында өнер сайыс­тары өткізілді. Облыс орталығы Ақтау қаласында елорданың 17 жылдығы қарсаңында бір топ кәмелеттік жасқа толған жі­гіттер мен қыздарға жеке бастарын куә­ландыратын төлқұжат табысталды. Салтанатты сәтке Лондон Олим­пиадасының күміс жүлдегері Ә.Ния­зым­бетов қатысып, жастарды құттықтап, оларға естелік сыйлықтар табыс етті. Шілденің 4-інен бастап теңіз жаға­лауында классикалық, эстрадалық және рок музыка өкілдерінің мерекелік концерттері ұйымдастырылып, теңіз жағасында серуендеген қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынылды. Сондай-ақ, жастар арасында «Астана – арман қала» атты плэнэр суретшілер байқауы өтсе, Т.Шевченко ескерткіші жанында украин этномәдени бірлестігі өкілдері шығармашылық топтары өнер көрсетті. Ақтау қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен асық атудан, қол күресінен, арқан тартыстан және гір тасын көтеруден, «Street Workout» спорт түрінен қалалық турнир ұйым­дастырылып, оған қызығушылық та­нытқан Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарының қатысып, өзара күш пен ептілік сынау мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Елорданың жаңа жасына арналған әдемі де әсерлі шаралар өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жалғасын тапты.   АҚТӨБЕ Сатыбалды Сәуірбай, «Егемен Қазақстан». Кешегі күн райы облыс орталы­ғын­дағы Астана күніне арналған мерекелік шаралардың беташары ретінде ұйымдастырылған веложарысқа қатысушыларға қолайлы болды. Өйткені, күн ысып үлгермеген кез еді. Мұның өзі «Ақтөбе қаласының дене тәрбиесі және спорт бөлімі ММ-нің үстіміздегі жылы ұйымдастырып отырған екінші ауқымды жарысы. Бұған дейін көктемде желаяқтар жарыс жолына шыққан болатын. Бұл жолы да жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. В­еложарысқа қатысқан «FOR­WARD» командасының велошабандоздарын осы аттас компанияның дилері Венера Ережепова бастап келіпті. – Біз осы веложарыс жеңімпаздарын марапаттауға төрт велосипед бөлдік. Бұл бір жағынан Астана күніне арналған шараға қолдауымыз, бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесіміз болса, екінші жағынан, өз өнімімізді жарнамалау да екенін жасырудың реті жоқ, – дейді В.Ережепова, «Мега-Ақтөбе» ойын-сауық кеше­ні алдындағы алаңда веложарыс же­ңімпаздарын марапаттау салтанатынан кейін әннен шашу шашылып, күй күмбірледі, би биленді. Ұйымдастырушылар өңірді аптап ыстық буып тұрғанын ескерген болуы керек, мерекелік шараның негіз­гілерін күннің ыстығы қайтқан түстен кейінгі кезеңге қойыпты. Астана күні Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баев атындағы Орталық демалыс саяба­ғында облыстағы этномәдени бірлестік­тердің көркемөнерпаздар ұйымдары мен өңірдің талантты өнерпаздары кон­церттік бағдарлама ұсынды. Қалалықтар ән мен күй тыңдап, биді тамашалады. Мұндай мәдени-көпшілік шаралар қаланың саябақтары мен алаңдарында қас қарайғанша жалғасты. Бұл күні қалалықтар мен шаһар қонақтары түгел көшеге шығып кеткендей әсерге бөледі. Облыс орталығындағы Астана күніне арналған түрлі-түсті отшашу қала аспанын бұрынғыдан да ажарландырып жібергендей болды. Еліміздің бас қаласына қарап бой түзеген Ақтөбе айтулы мерекені осылай атап өтті. АТЫРАУ Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Мұнайлы өңірде еліміздің жаңа елордасы – Астана күніне арналған мерекелік шаралар шоғыры ауқымдылығымен ерекшеленді. Олай дейтініміз, мереке қарсаңында өндірісте де, әлеуметтік салада да көңіл жадыратар қуанышты сәттер аз болмады. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытында бензолдың алғашқы партиясы алынды. Бұл – бұған дейін елімізде шығарылмаған жаңа өнім. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаев: «Жоғары октанды бензин шығару үшін оның құрамындағы бензол өнім ретінде бөлек алынды. Бұл – біздің ең әсем елордамыз – Астана күніне тартуымыз», – деді жаңа өнімнің шығарылуына орай өткен салтанатты шарада. Атырау қаласында «Өңірлерді да­мытудың 2020 жылға дейінгі бағдар­ламасы» аясында бой көтерген бірнеше көп қабатты тұрғын үй пайдалануға бе­ріліп, 126 отбасы баспаналы болу бақы­тына кенелді. Олардың арасында бірнеше жылдан бері пәтер жалдап жүргендер де бар екен. Сонымен бірге, алғаш рет «Атыраудың қуатты адамдары» атты экстремалды спорт түрлерінен өткен облыстық турнир де тұрғындарды ерекше әсерге бөледі. Турнирге қатысушылар саламатты өмір салтын ұстанудың денсаулыққа пайдалы екенін паш етті. Солардың арасынан Владимир Ли салмағы үш тоннаға жуық «ГАЗель» шағын автобусын 20 метрге сүйреді. Оған осынша аралыққа жету үшін 16,3 секунд ғана қажет болды. Мерекелік шаралар Атырау қала­сы мен аудан орталықтарында, әр ­округ­те өтті. Мәселен, өңір орталығын­да «Жеңіс» саябағынан шеру тарт­қан велошерушілер Құрманғазы, Вла­димирский, Сәтбаев көшелері ар­қылы «Исатай-Махамбет» алаңына дейінгі аралықты жүріп өтті. Сондай-ақ, «Елімнің жүрегі – Астана!» және «Жырлаймын сені, Астана!» атты концерттік бағдарламалар өңір тұр­ғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Концерттік бағдарламалар соңына қарай Атыраудың аспанын мерекелік отшашу әрлендірді. Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ. КӨКШЕТАУ Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Жақсылық жетегіндегі халқымыздың биік құрметі – «Жұлдызың жоғары болсынға» саяды. Әсем Астанамыздың аз жылдардың ішінде әлем кеңістігіндегі айшықты жұлдызға айналуы осынау ақ тілектің орындалғанының айғағы. Ел тарихындағы жаңа да жарқын мереке Қазақстан шеңберінен асып, Жер шарын шарлап бара жатқаны да болашағымыздың жарқындығын бейнелейтіндігі қуантады. Биылғы мерекелер жылын астаналық Ақмола облысы қоғам өмірінің тұтас буынында ерекше серпіліспен атап өтуде. Басқасын айтпағанның өзінде, өңір жұртшылығы «Астана күнін» он күн бұрын ресми түрде бастап кетті. Шаттық пен шашудың мазмұны кеңіп, тарту жоралғысы тәнті етуде. Тұрғын үйлер, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдағы нысандардың пайдалануға берілуі тіршілігімізді түрлендіре түсті. Ақмолалықтар мұны Астана шарапатымен байланыстырады. Көкшетауға екі тәулік бойы ырыз­дық құйған Күн жарықтық шайдай ашылды. Тәуелсіздік алаңы бар жасауын жарқыратып, жадыраңқы көңілдерді аспандатып тұр. Балалар өз қиялын асфальтқа түсіріп жатса, арнайы сапармен Астананы аралап келген қариялар алған әсерлерін жеткізе алмай мәз. Әнұранымызбен басталған салтанатқа қатысушыларды қала әкімі Ермек Маржықпаев құттықтады. Астана күні айшықты шараларымен есте қалатын дәстүр қалыптас­қалы қашан. Әне, жаңа ғана іңгәлап дүниеге келген сәбилерге бауы берік болсын айтқан депутаттар төрсөре­ден орын алуда. Қала басшысының ­қолы­нан Астана құрдастары, 10 сы­нып оқушылары Алмас Үсенов, Жазира Әлсейітова, Аңсат Долдаш, Анна Го­лубкова рес­публика азаматының жеке куәлігін алса, 10 адамға «Нұр Отан» партиясының билеті тапсырылды. Олардың арасында зейнеткер Кәрім Бостанбаев та бар. Ал ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Соломина мен №14 мектептің аға вожатыйы Людмила Дәулетәлиеваның омырауына «Қазақстан халқы Ассам­блеясына – 20 жыл» мерекелік медалі тағылды. Көкшетаудың орталық алаңдары мен шағын аудандарындағы мәдени-спорттық шаралар мен көпшілік думаны мерекелік отшашумен жалғасты. ҚАРАҒАНДЫ Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». «Көрші де көршіден тәлім алады» дейді емес пе, өсіп-өркендеуі әрі елорда, әрі іргелес көрші тұрғысында үлкен үлгі қала мерекесі қарағандылықтарға да әрдайым зор қуаныш. Бұл мерейлі күнге арналған шаралар бір күн бұрын «Саған, Астана!» ІІІ дәстүрлі жеңілатлетикалық эстафетадан бас­талды. Жарысқа қатысушылардың бірінші тобы Тәуелсіздік алаңынан «Шахтер» стадионына дейін жүгіріп өтсе, екінші тобы Тұңғыш Президенттің Теміртаудағы тарихи-мәдени орталығы алдында мәреге жетті. Бұдан кейін Қарағандының бас сая­бағында өткен этномәдени бірлес­­тіктер өнерпаздарының, ардагерлер мен жастар ұйымдары мүшелерінің, жұрт­шылық өкілдерінің басқосуы аста­налықтар шаттығын бірге бөлісуге ұласты. Салтанатты жиынды қала әкімі Нұрлан Әубәкіров ашып, тұрғындарды ортақ айтулы оқиғамен құттықтады. Қоғамдық өмір  белсенділеріне «Қазақ­стан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» медалін табыс етті. Сонымен қатар, Астананың құрдастарына ескерткіш белгілер тапсырылды. «Астана – асқақ абыройымның айғағы» бағдарламасы аясында Қали Байжанов атындағы облыстық концерт бірлестігі, «Қуаныш» және «Аққу» ансамбльдерінің өнерпаздары шашу шашқан ән мен би жиналушылардың көңіл-күйін өсірді. Оны «Асқақтай бер, елімнің Астанасы!» қалалық ән фестивалі жалғастырып, бүлдіршіндер өздері салған сурет көрмесін көрсетіп, спорттық ойындар сайысы қыз-қыз қайнап, қызықты думан сәні өсе түсті. Ымырт үйірілген сәтте отшашулар қала аспанын жарқыратып, мерекелік кеш көркін нұрландырды. Линар ГАЛИМОВ. ҚОСТАНАЙ Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Кешегі мереке Астана туралы викториналық сұрақ-жауап ойындарынан басталды. Астана туралы сұрақ та көп екен, оған қостанайлық жастардың дәл жауабы да дайын болып шықты. Астананы қостанайлықтардың жақсы көретіні осыдан-ақ белгілі болып тұрды. Ал коллекция жинаушылардың көрмесі қостанайлықтардың Астана күніне ерекше тартуы еді. Күйтабақ, журнал, қуыршақ, кәдімгі шайдың түр­­лері, фарфордан жасалған кәдесый, төсбелгі, ақша, марка түрлерін мерекеге жиналғандар осы жерден көріп тамашалады. – Төсбелгі, ақша, тиын ақша, маркалар түрлерін жинаумен айналысамын. Астана күні осы жиған-тергенімді қостанайлықтарға көрсету мен үшін қуаныш болып тұр. Төсбелгінің 500 мыңдай түрін жинағанмын, ақша түр­лері де жеткілікті. Оның ішінде тәуелсіз еліміздің алғашқы шыққан ақшалары жыл өткен сайын жұрттың қызы­ғу­шылығын тудырып келеді, – дейді коллекция жинаушы Марат Хасенов. Ал қолөнермен айналысатын Райымгүл Рахалиева өзі тіккен қолөнер бұйымдарын қостанайлықтардың назарына ұсынды. Онда бүгінгі жастар біле бермейтін, ұмытылып бара жатқан бұйымдар назар аудартады. – Міне, мынау құда тартатын арқанға жаңа түр беріп, оюлап жасап шықтым, сондай-ақ, халқымыз келіннің бетін ашқанда аяғының астына ешкінің терісінен жасалған тулақ төсеген ғой. Оны да мен жаңаша түрлендіріп жасадым, – дейді Р.Рахалиева. Көрмеге әрбір қатысушының көрерменге айтар қызықты әңгімесі жетерлік. Оған жиналған жұртта есеп жоқ. Қала орталығында қостанайлық­тар мен қала қонақтары облыс көркемөнерпаздарының концертін тамашалады. Аудандардағы өнерпаздар да Астана күніне өнерін тарту етті. Астана күні нағыз халықтық мерекеге айналды, көк зеңгір аспанда қалықтаған ән әуеніне елтіген қалалықтар орталық алаңда дөңгелене би биледі. Арқада тотыдай таранған Астана барлық қазақстандықтардың мақтанышы, патриоттық сезімнің тұма бұлағы екенін көрсетіп берді. ҚЫЗЫЛОРДА Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». «Мәңгілік Елдің» жүрегі, тұтас елдің тірегі – Астана күнін Сыр жұртшылығы да өз дәрежесінде атап өтті. Елорданың ту­ған күнін тойлауда еңбектеген бала­лар­­дан бастап еңкейген егделерге дейін ат­са­лысты десек болатындай. Себебі, қы­зыл­ордалық балалар «Менің Астанам» тақырыбында асфальтта сурет салу байқауына қатысты. Балалар «Бай­терек», «Хан Шатыр» секілді Аста­наның кө­рікті жерлерін көркемдеп, суретке салды. Еркіндік пен елдіктің символын­дай болған елорданың келбеті жас жеткін­шектердің бейнелеуінде ерекше шықты. Онан соң Әбділда Тәжібаев атын­дағы облыстық әмбебап кітапханада «Елім­­нің жүрегі – Астана» атты кітап көрме­сі өтті. Онда Астананың арғы-бергі тарихынан сыр шертетін деректер қойылып, еліміздің бас қаласы туралы жазыл­ған шығармалар оқырман назарына ұсынылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі де Астана күніне қызу дайындалды. «Тә­уелсіз Қазақстан» залын әсем көр­кем­деп, «Астана – әсем қала» атты тақы­рып­­тық экскурсиялар жасады. Онда Ас­та­наның қалай соғылғаны, бүгінде қан­­дай же­тістіктерге жеткені айтыл­ды. Му­зейге келушілер Астана өмірі­нің өз­деріне беймәлім тұстарын біліп қайтты. Ал Шиелі ауданы биылғы оқу жылын үздік аяқтаған балаларын арнайы Астанаға аттандырды. Мереке барысында олар елорданы өз көздерімен көріп, аралап қайтпақ. Астана күніне арналған шаралардың соңын «Ақ тілекпен – Астанаға» атты жастардың флеш-моб акциясы мен «Ел жүрегі – Астана» мерекелік концерті түйіндеді.   ОРАЛ Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Орал өңірінде Астана күніне тарту ретінде әлеуметтік-тұрмыстық нысандар, көпқабатты тұрғын үйлер мен денешынықтыру-сауықтыру кешендері және бөбекжайлар пайдалануға берілді.Осынау сәні мен салтанаты келіскен кешендер облыс орталығы және оған таяу орналасқан елді мекендер мен шалғайдағы Сырым, Қаратөбе және Жәнібек аудандарының тұрғындарын үлкен қуанышқа бөледі. Сонымен бірге, Астана күні қарсаңында облыс аудандарында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына сай жас мамандарға жаңа пәтерлердің кілті тапсырылды. – Мұның бәрі тарихы терең, дәстүрі мол Ақжайық аймағының Астанаға қарап бой түзей алғандығының басты көрінісі, – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. – Астана ел өңірлерінің өркендеуіне де қозғау салып отыр. Бүгінде бас қала әрбір қазақстандықтың мақтан тұтар брендіне айналды. Оның болашағы бүгінгісінен де жарқын. Өйткені, елорданың ішкі даму жүйесі мен инфрақұрылым өрісі қуатты. Ал Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Ляна Тұрсынова өз ой-пікірін былайша сабақтады. «Мен әлемге әйгілі қала – Нью-Йоркте болғаным бар. Әрине, ол – сәулеті де дәулеті келіскен шырайлы шаһар. Әйтседе, оның одан әрі іргесін кеңейтетін бір тұтам жері жоқ екеніне куә болдым. Әлем қалалары арасында мұндай мысалдар аз емес. Осы тұрғыда елордамыздың күн сайын қанатын кеңге жайып, өсіп-өркендеп келе жатқанына қуанамыз». – Облыста Астана күніне арналған іс-шаралар кешені аясында фестивальдар мен дөңгелек үстелдер, халықаралық турнирлер мен жәрмеңкелер және мерекелік концерттер өткізілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылған «Елбасы және тәуелсіздік залы» тұсау­кесерінің шоқтығы биік. Бүгінде Еуразия кеңістігінің қақ ортасынан орын тепкен Астана қайталанбас келбетімен барша әлем жұртшылығын тамсандыруда. Оның бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның есімімен қатар тұратын тағы бір баға жетпес тарихи құндылық бар, ол – тәуелсіздік. «Елбасы және тәуелсіздік» залы жасақталуының түп – төркінінде осындай мән-мағына бар, – деді өңірдегі архив ісінің майталманы Вячеслав Иночкин. Мұнда Мемлекет басшысының өмірі мен қызметіне қатысты құнды қағаздар және жәдігерлер мен фотосуреттер қойылған. Оның бәрі он екі әйнек сөреге жинақы түрде жүйеленген. Облыста Астана күніне арналған іс-шаралар шоғыры Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында өткізілген «Асқақтай бер, Астана!» атты мерекелік концертпен қорытындыланды. ӨСКЕМЕН Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс жұртшылығы елорда күнін ерекше көңіл күймен атап өтті. Өңірдің барлық қалалары мен аудандарында Астана күніне орай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыс орталығындағы шаралар таңсәріден басталды. Өскемендіктер мен қала қонақтары бұл мерекені спорттық сайыс­тармен қарсы алды. Веломарафонмен басталған мерекеге табиғаттың тартуы – жаңбыр да қолайлы жағдай жасады. Велошеруге қатысуға барлық жас­тағы тұрғындар мүмкіндік алды. Ертіс өзенінің жағалауында спорттық жүріс­тен және жүгіруден республикалық жарыс, денешынықтыру-сауықтыру кеше­нінде қазақша күрестен турнир өтті. Сондай-ақ, Астана көшесінде «Астана – Еуразия жүрегі!» атты мерекелік концерт өтті. Облыс әкі­мінің орынбасары Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов өңір жұртшылығын елорда күнімен құттықтады. Аталған шарада облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының шығармашылық ұжымдары өз өнерлерін паш етті. Балаларға арналған спорттық ойындар мен жарыстар ұйымдастыры­лып, өскемендіктер оқушылар­дың шығармашылық үйі, шеберлер қала­шығы және кітапханалар көрмесін тамашалады. Мерекелік сауда-саттық пен аквагрим, шахмат, дойбы, армрестлинг те тұрғындардың көңілін көтерді. Ең қызығы, мереке барысында қыздардың қатысуымен өткен «Мото-леди» атты байк-шоу болды. Бұл бәсекеде мотоцикл мінген қыздар түрлі сынақтарда өз өнерлерін көрсетті. Сонымен бірге, облыс орталығының саябақтарында да мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Комсомол аралында Өскемен қаласының әуесқой футбол командалары арасында шағын футболдан жарыс өтті. Суретті түсірген Сергей СУРОВ.   ПАВЛОДАР Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Облыс орталығындағы мереке «Сарыарқа төрі – Астана» деген әдеби-сазды ерекше композициялық көрініс­­­термен басталды. Сәтбаев атындағы орталық көше бойында орналасқан үлкен экран «Астанаға – 17 жыл» атты бейнеролик көрсетіп тұрды. Орталық алаңға жиналған жұртшылықты Ертіс өзенінің жоғары және төменгі жағалауы деп бөлінетін арнайы ме­рекелік шаралар бағдарламасы қарсы алды. Бұрынғыдай емес, заманға сай қазір неше түрлі ерекше бағдарламалар қосылғанын көресің. Біздің облыс орталығы да Аста­наға қарап бой түзеуде. Кешегі соқ­қан жел де, жауған жаңбыр да сап тыйыл­ған. Жоғарғы жағалауда көп­шілікті «Асқақ­таған Астана» қала­лық фестива­лі мен Қазақстан халқы Ассам­б­леясының этномәдени бірлестіктері шы­ғармашылық ұжымдарының концерті шақыруда. Сондай-ақ, «Астанам – мақ­танышым» деп Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетуде. Жастар «Астанаға ақ тілек» тілектері жазылған түрлі-түсті шарларын әуеге ұшыруда. Осы жерде «Ритмы городских кварталов» хип-хоп, брэйк, РЭП топтарының, скейтерлер, роллерлер, толкинистер топтарының қатысуымен жастардың шығармашылық бағдарламасы, жас­тардың ұлттық Дельфий ойындары жеңімпаздарының концерті болды. Тіпті, «Өзіңді өзің сынап көр» деп аэромобильді әскерлерінің «Десантное братство» әскери-спорттық жарыстарын, «Лазертаг» атыс бойынша ойынын, стритбол ойынын, жағажай футболы мен жағажай волейболы бойынша еріктілердің арасында өткен мерекелік турнирлерді көріп, қызыға қарайсың. Екінші бір шетте «Астанама арналған таңғажайып бояулар» әлемі мега-боя­масы көз жауын алады. Ал төменгі жағалау болса, кішкентай балаларға толы. Мұнда «Көрікті қала – Астана!», «Колос» балалар мәдени ойын-сауық орта­лығы мен қалалық білім беру бөлі­мінің балалар шығармашылығын дамыту орталығының концерттік-ойын бағдар­ламасы өтуде. «Үлкен аттракцион» ала­ңында көңілді балалармен «би билеп», бойшаң қуыршақтар да жүр. «Аква-грим» балалар алаңшасында «Толағай» балаларға арналған отба­сылық ойын бағ­дарламасына қаты­сушылар да көп екен. «Қала кітапханалары шақырады» атты қала кітапханаларының танымдық-сазды бағдарламасы негізінде кітаптар көрмесі, «Гүл жайнаған Астана» – жас суретшілердің көрмесі, фотокөрме, «Астанаға тарту» атты қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, тәттілер, көкөністер, тоқаштар, ұлттық тағамдарға арналған мерекелік сауда да қызу жүрді. Мереке соңы «Мәңгілік Ел» атты облыс орталығындағы «Шаңырақ» ойын-сауық орталығы, Қуат Әбусейітов, Естай ақын атындағы мәдениет сарайлары ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты. ПЕТРОПАВЛ Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстікқазақстандықтар да қысқа мерзім ішінде заманауи ірі мегаполис қатарына қосылып, архитектуралық сәулеті мен сымбаты келіскен елорданы еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі санайды. Өңірде жоғары көтеріңкі көңіл күймен жылда атап өтілетін Астана күнін асыға тосады. Биылғы мерекені өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары мазмұндылығымен ерекшеленді. Орталық алаңға жиналған жұртшылық қарасы мол болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров жұртшылықты абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің, жасампаздықтың жарқын көрінісі саналатын Астананың туған күнімен құттықтап, Сарыарқаның қақ төріне қазақстандықтарды ортақ іске жігерлендіретін, алға қарай тынымсыз ұмтылдыратын Елбасы саясатының арқасында орныққанын атап өтті. Бұдан кейін жалпы салтанат жал­пыхалықтық той-думанға ұласты. Ол «Ел жүрегі – Астана» атты театрландырылған мюзиклмен басталып, мерекелік хэнд-мейкке жалғасты. Қалалық мәдениет және демалыс саябағында сазды би және көркем шығармашылық бойынша «Таланттар қаласы» көңіл көтеру бағдарламасы назарға ұсынылса, Абай мен Пушкин ескерткіші жанында фитнес-клуб, пейнбол ойнау, гимнасшылардың, акробаттардың, шығыс жекпе-жегінің өнері тамашаланды. «Астана – арман қала» арт-бульва­рын, суретшілер көрме­сін, ақындар сайы­сын қызықтаушылар жылы әсерге бөленді. Тәуелсіздік стелласы қасында өткен стрит-би фестивалін, «Туған күніңмен, Астана!» балалардың концерттік бағдар­ламасын, «Астана төріндегі алтын ұя» фо­тодизайн көрмесін көрушілер қатары қалың болды. Пестрое көлінің жағалауын­­да саяжай волейболынан, шағын фут­болдан, тай боксынан респуб­лика­лық тур­нирлер, «Менің жеңісім саған, Астана!» веложарысы ұйымдас­­тырыл­ды. Мәдениет ошақ­тарында «Әлемді таң­ғалдырған қала» әдеби-поэзия сағаттары, тақырыптық кештер, вик­ториналар, тарихи-өлке­тану мұра­­жайында «Астана – біздің мақтаны­шы­мыз» фотокөрмесі, сауық­тыру лагерь­лерінде суреттер конкурсы өткізілді. Бірнеше күнге жалғасқан мереке күндері «Береке» шағын ауданында химиялық-биологиялық бағыттағы 740 орынды Назарбаев зияткерлік мектебі, Индустрияландыру картасы аясында қыш кірпіш шығаратын зауыт, асфальт­бетон қоспасы кәсіпорны ашылды. «ҚазТехМаш» ЖШС инвестициялық құны 1,9 миллиард теңге болатын озық жобаны іске қосты. Астана күні аудандарда да кеңінен атап өтілді. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ. ТАЛДЫҚОРҒАН Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Жетісу жерінде де Астана күні жалпыхалықтық мереке ретінде аталып өтті. Талдықорғандағы Орталық алаңға жиылған жұрт бүлдіршіндердің мың бұрала әрі әр қимылына ерекше мән бере және мерекелік леп естіре орындаған биіне тәнті болмасқа әдділері қалмады. Өйткені, бұл – өнер. Дүйім жұрттың алдына шыққан Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов: «Еліміздің ордасы Астана қаласы Елбасының есімімен бірге айтылатын, ажырағысыз егіз ұғым іспетті. Күннен-күнге көркейіп, сәні мен салтанаты асып келе жатқан Астана республикамыздағы өзге қалаларға үлгі болуда. Құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы тез дамып, заман талабына сай баспаналар бой көтеріп, халықтың пайдалануына берілуде. Соның нақты бір дәлелі ретінде соңғы екі-үш жылда Талдықорғанда сап түзеген бірнеше шағын ауданды айтуға тұрады. Екшей білсек, бұл Елбасының ерен еңбегінің бір жемісі», – деді. Тағы бір ерекше айтар қуаныш – дәл осы күні кәмелеттік жасқа толған талдықорғандықтарға жеке куәліктерін салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Әрине, қаланың көркеюіне өзіндік үлесін қоса білген құрылысшылар да назардан  тыс қалмай, қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. ТАРАЗ Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Елордамыз – Астана қаласының мерейтойын атап өтуді жамбылдықтар апта бұрын бастап кеткен болатын. Кешегі аптада облыс орталығында дас­тан­дар мен қиссаларды жатқа айтудан өткен «Дауылпаз жыры дала­ның» атты облыстық байқау осынау мере­кенің Әулиеата жеріндегі тұсауын кесті. Одан кейін апта бойы Тараз төрінде «Қарыштаған Қазақстан – асқақ­таған Астана» атты жылжымалы көрме, «Менің Қазақстаным – менің Аста­нам» атты интеллектуалды-таным­дық ойын, «Арайлы Астанам – бас қалам!» атты қайырымдылық концерттік бағдарламасы, «Астана – жастар мақтанышы!» атты жастар флеш-мобы және басқа да іс-шаралар мерекенің ажарын ашып, маңызын арттыра түсті. Ал 6 шілде күні Жамбыл жұрты «Жайнай бер, менің  Астанам!» атты ­жастар спартакиадасын тамашалады. «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деп Елбасы­мыз айтқандай, қасиетті Әулиеата өңірі – ежелден достықтың киелі мекені. Жамбыл жерінде басталған салтанатты мерекені әртүрлі ұлт өкілдері де береке, бірлігімен қарсы алды. Бұл күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Туған күніңмен, Астана» атты акциясын ұйымдастырып, көк аспанға мерекелік шарлар жіберу және бүлдіршіндерге шар сыйлау рәсімдерін өткізді. Ал кешке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті саябағында өткен «Тараздан Астанаға тарту» мерекелік іс-шарасы тараздықтарға көтеріңкі көңіл күй ­сыйлады. Суретті түсірген Алтынбек ҚАРТАБАЙ.   ШЫМКЕНТ Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Астана – жасампаздықтың, мәңгі достықтың қаласы, қиын кезеңде қазақтың болашақ тағдырын шешкен де қала. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың 90-шы жылдарында жер астынан жік шығарған, кейбіреулер солтүстік облыстардағы ағайынның татулығына қол сұқпақ болған, қазақ жеріне көз алартқан. Елбасы ел астанасын Алатаудың ­баурайынан Сарыарқаның төсіне көшіріп әкелгенде үлкен қателік деп қабылдаған жұрт бүгінде қандай дана­лық деп таңданады. Сөйткен Астана күніне Оңтүстік үлкен тарту жасаған. Айналдырған екі-үш күнде 75 жаңа нысанның тұсауын кесті. Шөліркеп отырған ауылдарға су барды, мыңдаған отбасы көгілдір отын жағып, ыс басқан пештен құтылады. Әлеуметтік нысандар айқара есік ашты. Астанаға осылай тарту жасаған оңтүстікқазақстандықтар 6 шілде күнін де лайықты мерекеледі. Арқадағы ағайын күн ыстығы 40 градустан асып, қара қарғаның миын атала қылған аптапты Оңтүстікте мұз деген болмайды деп ойлайтын шығар. Олай емес, Астана күніне «МегаШымкент» орталығында мұзда мәнерлеп сырға­наудан қызықты жарыс өтті. Абай саябағында теннис кортында жарыс болса, Шымкент зообағы балаларға ашық есік күнін ұйым­дас­тырды. «Имран» сауда үйінің спорт алаңшасында баскетболдан жарыс өтсе, Абай, Жеңіс саябақтары мен Сейдолла Бәйтереков атындағы аллеяда көпшілік серуен, спорттық ойындар өтті. Мерекелік шеру кешкі сағат 20-да жаңа әкімшілік-іскерлік орталық алаңында өнер жұлдыздарының қаты­суымен өткен «Жан жүрегім – Астана» гала-концертіне ұласты. Аудан, қала орталықтары да осылайша мерекеледі. Бүкіл қазақстандықтардың ортақ қуанышына айналған Астана күні ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстікте осылайша тойланды.